- admin
- 05.06.2026
- No Comments
- Жаңалықтар
2026 жылғы 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай КПВК-да «Рәміздер рухы – Конституцияның күші» атты Қазақстан Республикасы көлеміндегі патриоттық акцияның тұжырымдамасы жұмысқа жолданып, білім беру ұйымдарында кеңінен іске асырылуда.
Аталған бастама елдің басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді арттыруға, жастардың патриоттық санасын қалыптастыруға және Конституциялық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.
Осыған байланысты акцияны жалпы білім беретін мектептерде, мектеп жанындағы жазғы лагерьлер аясында, облыстық білім беру ұйымдарында және колледждерде жүйелі түрде өткізу көзделіп отыр.
Тұжырымдама аясында бірқатар маңызды іс-шараларға ерекше назар аударылуда. Соның бірі – «Менің туым – менің мақтанышым» атты республикалық челлендж. Бұл бастама аясында азаматтар әлеуметтік желілерде Мемлекеттік Тумен түскен фото және бейнематериалдарын жариялап, рәміздердің өз өміріндегі маңызы туралы ойларымен бөліседі.
Сонымен қатар, 4 маусым күні сағат 10:00-де «Патриотизм дауысы» акциясы ұйымдастырылады. Аталған іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, бір мезетте Мемлекеттік Әнұран салтанатты түрде орындалады. Бұл – ел бірлігін, ұлттық рухты нығайтатын маңызды сәттердің бірі.
Акция шеңберінде «Рәміздер тарихы» атты көрме жобасы да жүзеге асырылуда. Көрмелерде мемлекеттік рәміздердің қалыптасу тарихы, архивтік құжаттар, тарихи фотоматериалдар және тәуелсіздік кезеңінің символдық хроникасы ұсынылады. Бұл жастардың тарихи санасын кеңейтіп, ел тарихына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Патриоттық акцияның негізгі ұрандары – «Рәміздер рухы – Конституцияның күші», «Туымыз төрімізде!», «Отанды сүю – жүректен!», «Мемлекеттік рәмізге құрмет – елге құрмет».
КПВК ұжымы бұл бастаманы жоғары деңгейде ұйымдастырып, жастарға отансүйгіштік тәрбие беруде өз үлесін қосуда.


