«Ақ жол, түлектер!»

Бүгін Қостанай политехникалық жоғары колледжінде 51-ші түлектер легіне диплом тапсыруға арналған «Ақ жол, түлектер!» атты салтанатты рәсім өтті.

Бұл айтулы күні 3Б-4, 3Б-5, 1ББ-2, 3СТ-7, 4ПО-3 және 4ПО-4 топтарының түлектері диплом иегері атанды. Олар үшін бұл мереке – студенттік өмірдің жарқын кезеңінің аяқталып, жаңа кәсіби жолдың басталуын білдіретін ерекше сәт.

Колледждің мақтанышы болған 20 түлек оқуын үздік аяқтап, қызыл дипломға ие болды. Бұл – олардың білімге деген құштарлығының, қажырлы еңбегі мен табандылығының нәтижесі.

Салтанатты шарада түлектерге жүрекжарды лебіздерін білдіріп, диплом табыстау рәсіміне құрметті қонақтар мен колледж басшылығы қатысты.

«Есеп және аудит» біліктілігі бойынша түлектерді құттықтау және дипломдарын табыстау сөзі «Салық және бухгалтерлік қызметтер» ЖК басшысы Тұрғанова Жанна Дүйсенбекқызына берілді.

«Есеп және аудит қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша түлектерді құттықтап, дипломдарын «Эксперт» компаниялар тобы ЖШС-нің директоры Бубнов Игорь Сергеевич табыс етті.

«Есеп және аудит» мамандығы бойынша түлектерді колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Мадин Владимир Анатольевич құттықтап, жас мамандарға кәсіби қызметтерінде табыс, биік белестер мен жаңа жетістіктер тіледі.

«Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша түлектерді құттықтау және дипломдарын табыстау құрметі бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының аға оқытушысы Әбілтаев Дастан Саматұлына берілді. Ол түлектерге IT саласында үлкен жетістіктерге жетіп, алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдалануға тілектестігін білдірді.

«Стандарттау, метрология және сертификаттау» мамандығы бойынша түлектерді құттықтау және дипломдарын табыстау сөзі IT жөніндегі директордың орынбасары Храмей Ирина Сергеевнаға берілді. Ол жас мамандарға кәсіби жолдарында сәттілік, тың мүмкіндіктер мен толайым табыс тіледі.

Салтанатты диплом табыстау рәсімі көтеріңкі көңіл күйде, қуаныш пен мақтанышқа толы атмосферада өтті. Бұл күн түлектердің, ата-аналардың, оқытушылардың және қонақтардың жадында ерекше әрі ұмытылмас сәт болып сақталмақ.

Құрметті түлектер! Бүгін алған білімдеріңіз болашақтағы табыстарыңыздың берік іргетасына айналсын. Алдағы өмір жолдарыңыз жарқын жетістіктерге, тың бастамаларға және кәсіби жеңістерге толы болсын! Қостанай политехникалық жоғары колледжінің абыройын асқақтатып, ел игілігі жолында аянбай еңбек ететін білікті маман болуларыңызға тілектеспіз.

Ақ жол, түлектер!

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *