- admin
- 30.10.2025
- No Comments
- Жаңалықтар
Қостанай облысында «Менің отбасым – Қазақстанның бір бөлшегі» атты облыстық медиажоба-байқауы өз мәресіне жетті. Бұл байқау отбасы құндылықтарын жоғары қоятын, шабыт пен сүйіспеншілікке толы талантты қатысушыларды біріктірді.
Байқаудың басты мақсаты — отбасының қоғамдағы рөлін, дәстүр мен рухани құндылықтардың маңызын көрсету, сондай-ақ әр отбасының еліміздің дамуына қосып жатқан үлесін дәріптеу. Қатысушылар өз бейнероликтерінде отбасы тарихы, салт-дәстүрлері мен отбасылық құндылықтары туралы әсерлі әңгімелеп берді.
«Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары» номинациясы бойынша үшінші орынды Қостанай политехникалық жоғары колледжінің студенті Евгений Адарченко иеленді.
Өз бейнеролигінде Евгений отбасы туралы ерекше ықыласпен баяндап, бірлік, сыйластық және өзара қолдау – мықты мемлекеттің іргетасы екенін атап өтті. Оның жұмысы шынайылығымен және жүректен шыққан әсерлі мазмұнымен көрермендердің ықыласына бөленіп, әлеуметтік желілерде көптеген оң пікір мен дауыс жинады.
Байқау ұйымдастырушылары барлық қатысушыларға белсенділігі, шығармашылық көзқарасы және отбасылық құндылықтарға деген құрметі үшін алғыс білдіріп, әр отбасы — біртұтас Қазақстанның ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Евгений Адарченконы лайықты жетістігімен шын жүректен құттықтаймыз! Оған алдағы уақытта да шығармашылық шабыт, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілейміз!
Қалқаман А.Қ., Жастар ісі жөніндегі комитеттің инспекторы #адал_азамат



