ҚПЖК-де білім алушылармен деструктивті медиаконтенттің әсері талқыланды

20 қарашада Қостанай политехникалық жоғары колледжінде білім алушылармен профилактикалық әңгіме өткізілді. Кездесуді директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Л. К. Дюсекеева және Қостанай қаласы Полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция капитаны Я. В. Аксенкина өткізді.

Кездесуде кәмелетке толмағандар арасында жасөспірімдердің қатыгездігі, буллинг, бопсалау және зорлық-зомбылық көріністері бар медиаконтенттің, соның ішінде «105» сериалының таралуы талқыланды.

Білім алушыларға экрандағы кейіпкерлердің әрекеттерін жанжалдарды шешудің қолайлы жолы деп қабылдауға болмайтыны түсіндірілді. Сондай-ақ мұндай контенттің кері әсері, зорлық-зомбылыққа еліктеуге жол бермеу және қорқыту, бопсалау мен өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің құқықтық салдары туралы айтылды.

Білім алушыларға буллингке, қорқытуға немесе бопсалауға тап болған жағдайда кураторға, педагог-психологке, ата-анасына немесе полиция қызметкерлеріне көмек сұрап жүгіну маңызды екені еске салынды.