- admin
- 25.06.2026
- No Comments
- Жаңалықтар
Бүгін ҚПВК қабырғасында оқу жылының ең маңызды әрі толғанысқа толы шараларының бірі – түлектерге диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті. Аталған шараға 3ЭС-23, 4А-1, 4Э-14, 4ХП-23, 4ТЗ-28 және 4М-10 топтарының түлектері қатысты.
Осы айтулы күні колледж үлкен өмір жолына 288 жас маманды қанаттандырды. Олар оқу орнында алған білімдері мен кәсіби дағдыларын еліміздің түрлі кәсіпорындарында табысты қолдануға дайын.
Колледж мақтанышына айналған 8 түлек оқу үлгерімінің жоғары көрсеткіштері мен еңбексүйгіштігінің арқасында үздік дипломға ие болды. Қызыл дипломдар олардың білімге деген жауапкершілігі мен табандылығының жарқын дәлелі болды.
Салтанатты шара барысында колледждің әлеуметтік серіктестері мен жұмыс беруші ұйымдардың өкілдері түлектерге ізгі тілектерін білдіріп, дипломдарды табыстады.
«Технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша түлектерді құттықтау және диплом табыстау құқығы «KamLitKZ» ЖШС персоналды іріктеу жөніндегі бас маманы Юлия Николаевна Бегаға берілді.
«Элеваторлық, ұн тарту, жарма және құрама жем өндірісі» біліктілігі бойынша түлектерді «Олжа Астық» ЖШС өндірістік-технологиялық зертханасының басшысы Күлдарай Ақмадиянқызы Даирова құттықтап, дипломдарын табыстады.
«Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша түлектерге дипломдарды «ЭПК-forfait» ЖШС бас директоры Дидар Нұртасұлы Аманжолов тапсырды.
«Электромеханикалық жабдықтарды техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» біліктілігі бойынша түлектерді «ЭПК-forfait» ЖШС кадрлар жөніндегі инспекторы Эльмира Маратқызы Әбілхасова құттықтады.
«Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» мамандығы бойынша түлектерге дипломдарды «Баян Сұлу» АҚ кадрлар бөлімінің басшысы Арай Қайырқанқызы Әлмұхамедова табыстады.
«Машина жасау технологиясы» мамандығы бойынша түлектерді құттықтау және диплом тапсыру құрметі «Агний» Қостанай ауыл шаруашылығы жабдықтары зауыты» ЖШС директоры Наталья Викторовна Давиденкоға берілді.
Мерекелік көңіл-күй, ұстаздардың, ата-аналардың және жұмыс берушілердің жүрекжарды тілектері бұл күнді ерекше әрі есте қаларлықтай етті. Түлектер үшін білім мен тәжірибеге толы маңызды кезең аяқталып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
ҚПВК әкімшілігі мен педагогикалық ұжымы барлық түлектерді оқу орнын сәтті аяқтауларымен құттықтап, кәсіби қызметтерінде толағай табыстар, биік белестер мен жарқын болашақ тілейді!
Ақ жол, 2026 жылдың түлектері!













