Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүруіне қатысты жауапкершілік

Білім беру ұйымдарындағы тәрбиелік жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – жасөспірімдердің түнгі уақытта қоғамдық орындарда немесе ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуы.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта жүруіне шектеулер белгіленген.

Аталған заң нормасына сәйкес кәмелетке толмағандарға:

  • ойын-сауық мекемелерінде (кафе, мейрамхана, түнгі клубтар, компьютерлік клубтар және т.б.) 22:00-ден 06:00-ге дейін ата-анасының немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуға;
  • тұрғын үйден тыс жерде 23:00-тен 06:00-ге дейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуға тыйым салынады.

Бұл шектеулер балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында енгізілген.

Біз білім алушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз жүру әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін есте сақтауға шақырамыз.

Құрметті ата-аналар! Балаларыңыздың бос уақытын және олардың қай жерде жүргенін, әсіресе кешкі және түнгі уақытта бақылап отыруларыңызды сұраймыз.

Заң талаптарын сақтау, отбасы мен білім беру ұйымының өзара жауапкершілігі – жастардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуының маңызды шарттарының бірі.

2СТ-8 тобының кураторы Маканова Г.И.

Warning: Undefined variable $post_id in /var/www/www-root/data/www/kpvk.edu.kz/wp-content/themes/CollegeStyle/comments.php on line 4
Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *